Ілияс Сүлейменов жекпе-жекті жеңіспен бастады
Дүниежүзілік бокс сериясының төртінші маусымындағы топтық кезеңінің соңғы кездесуінде «Астана арландары» польшалық «Poland Hussars» командасын қабылдауда.
Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында шаршы алаңға алдымен жеңіл салмақтағы боксшылар шықты. 52 келіде ел намысын Ілияс Сүлейменов қорғады. Ол Дүниежүзілік бокс сериясындағы алғашқы жекпе-жегінде әзірбайжандық Элвин Мамишадзеге есе жіберіп алған еді.
Бұл жолы Ілиястың қарсыласы Гжегорж Козловский болды. Поляк боксшысы бұл маусымда WSB аясында өткізген екі кездесуде жеңіліп қалды. Ол өткен маусымда да жеңіске жете алмаған.
Ал бүгінгі жекпе-жекте Сүлейменовтың соққыларына төтеп бере алмаған Гжегорж Козловский кезекті жеңілісіне ұшырады. Ұлттық құрама мүшесі Ілияс Сүлейменов жеңісінен кейін «Астана арландары» кездесуде 1:0 есебімен алға шықты.