«Астана арландары» қарсыласы - «Team Germany»
Дүниежүзілік бокс сериясының ширек финалында «Team Germany» мен «Астана арландары» кездеседі. Алғашқы бес жекпе-жек 29 наурызда Германияның Ханау қалашығында өтеді. Араға апта салып (4 сәуір) екінші бестік боксшылары Алматыда қолғап түйістіреді.
Германиялық команданың президенті Ульрих Биттнер wsb-germany.de сайтына жекпе-жекке қатысты өз пікірін білдірді. Оның сөзінше, неміс боксшылары үшін ширек финалда артылған жүк ауыр. Өйткені, 2013 жылы Әлемдік лигада топ жарған қазақ боксшылары чемпиондық атағын қорғауға тырысады.
«Бұл жекпе-жекте біздің команда аутсайдер екені анық. Бірақ, біздің боксшылар соққыны неліктен бірінші жасамауы керек? Жанкүйерлер алдында жігерлік танытып, қарымта жекпе-жекке жақсы нәтижемен бару керек», - деді Ульрих Биттнер.
Ханауда өтетін жекпе-жекте шаршы алаңға көтерілетін боксшылардың тізімі:
49 келі. Овидиу Берцияну - Мардан Берікбаев.
56 келі. Михаил Конлан – Мейірболат Тойытов.
64 келі. Артем Харутюнян - Асхат Уалиханов.
75 келі. Денис Радован - Сергей Деревянченко.
91 келі. Артур Манн – Василий Левит.
Сенбі, 29 наурызда «KAZsport» телеарнасы «Team Germany» - «Астана арландары» жекпе-жегін тікелей эфирде көрсетеді. Эфирдің басталу уақыты – 23:00 (Астана уақыты). Сонымен қатар, www.kazsporttv.kz сайты арқылы онлайн-трансляция жүргізіледі.