Мейірболат Тойытов қарсыласына ұпай санымен есе жіберді
Германияның Ханау қалашығындағы «Team Germany» пен «Астана арландары» арасындағы ширек финал жекпе-жегін 56 келідегі боксшылар жалғастырды. Бұл салмақта «Астана арландарының» бас бапкері Сергей Корчинский әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған Мейірболат Тойытовқа сенім артты. Ол топтық сайыста екі рет шаршы алаңға шығып, екеуінде де жеңіске жеткен еді.
Дегенмен Мейірболаттың қарсыласы да осал боксшы болмады. Германиялық команда бұл жолы ирландиялық легионер Майкл Конланнан жеңіс күтті. Конлан - Ирландиядағы ең тәжірибелі боксшылардың бірі. 2012 жылы Лондон Олимпиадасына 52 келі салмақта қатысып, қола медальді жеңіп алды. Сонымен қатар, 2013 жылы Минскіде өткен Еуропа чемпионатында күміс медальді еншіледі.
Бүгін Майкл Конлан германиялық команда сапында алғаш рет жұдырықтасты. Өткен маусымда АҚШ командасының сапында жұдырықтасқан боксшы жаңа маусымның топтық бәсекесінде шаршы алаңға шыққан жоқ.
Тартысқа толы болған жекпе-жек бес раундқа созылды. Төрешілердің шешімімен Майкл Конлан жеңіске жетті. Бұл кездесуден кейін «Team Germany» пен «Астана арландары» арасындағы есеп теңесті.
Айта кетейік, бұған дейін 49 келіде Теміртас Жүсіпов Овидиу Берцянудан басым түсіп, команда қоржынына алғашқы ұпай салған еді. Енді шаршы алаңға 64 келіде Асхат Уәлиханов, 75 келіде Сергей Деревянченко, 91 келіде Василий Левит шығады.
Германиия боксшылары мен «Астана арландары» арасындағы жекпе-жекті «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетуде. Сонымен қатар, www.kazsporttv.kz сайты онлайн-трансляция жүргізілуде.