Елорда «Астана арландарының» жекпе-жектерін қабылдауы мүмкін
«Астана арландары» Дүниежүзілік бокс сериясының жартылай финалына шықса, жартылай финал жекпе-жектері елордада өтуі мүмкін, деп хабарлайды Vesti.kz. Бұл туралы «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубының басшысы Бақтияр Артаев мәлімдеді.
«Астана жартылай финалдық жекпе-жектерді қабыладай алады. Клубтың бас директоры Болат Манкеновпен сөйлестім. «Арландар» қонақта өткен кездесуде жеңіске жетті. Енді қарымта жекпе-жекті күтеміз», - деді Бақтияр Артаев.
Жартылай финал жекпе-жектері 25 сәуірде немесе 2 мамырда өтуі мүмкін. «Сарыарқа» республикалық велотрегіне 9200 адам сыяды. Айта кетейік, бұл турнирдің үшінші маусымында «Астана арландары» осы кешенде жеңіске жеткен еді. Бір жыл бұрын өткен финалда қазақ боксшылары «Украина атамандарынан» басым түскен еді.
Естеріңізге сала кетейік, ширек финалдың алғашқы кездесуінде «Астана арландары» сырт алаңда «Team Germany» командасын 3:2 есебімен ұтты. Қарымта кездесу 5 сәуірде Алматыда өтеді.