«Астана арландары» капитаны Самат Бәшенов те жеңіске жетті
Дүниежүзілік бокс сериясының ширек финалындағы «Астана арландары» мен «Team Germany» арасындағы қарымта жекпе-жекті 60 келідегі боксшылар жалғастырды.
«Астана арландарының» бас бапкері Сергей Корчинский бұл жолы Самат Бәшеновке сенім артты. «Арландардың» капитаны Самат Бәшеновтің соңғы кездері жолы болмай жүр.
Биылғы маусымның алғашқы жекпе-жегін жеңіспен бастаған Самат одан кейін Әзірбайжан және Куба боксшыларына қарсы өткен кездесулерде жеңіліп қалды.
Ал оның бүгінгі қарсыласы - Артур Брил болды. Дүниежүзілік бокс сериясына үшінші маусым қатысқан неміс боксшысы жасөспірімдер арасында Әлем чемпионаты атанған.
Бес раундқа созылған жекпе-жек тартысқа толы болды. Алғашқы раундта боксшылар бір-бірін бақыласа, екінші раундта ашық шабуылға көшті.
Үшінші раунд толықтай Самат Бәшеновтің пайдасына шешілсе, төртінші раундта Артур Брил бір ұпайға ие болды. Соңғы раундта да қарсыласына соққыларын дарыта алған Самат командаға кезекті жеңісті әкелді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мирас Жақыпов өз жекпе-жегін жеңіспен аяқтаған еді.