Мейірім Нұрсұлтанов «Астана арландарын» жартылай финалға алып шықты
Дүниежүзілік бокс сериясының ширек финалындағы «Астана арландары» мен «Team Germany» арасындағы қарымта кездесуінде 69 келідегі боксшыларға да кезек келді.
«Астана арландары» бас бапкері Сергей Корчинский бұл жекпе-жекке Мейірім Нұрсұлтановты шығаруды жөн санаған. Еліміздегі талантты боксшылардың бірі араға үзіліс салып, шаршы алаңға қайта оралады. Ол соңғы рет «Баку оттары» клубымен болған кездесуге қатысқан.
Командаға биыл ғана қосылған 20 жастағы боксшы алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді. Нақтырақ айтсақ, ол осы жобадағы ең тәжірибелі боксшылардың бірі, ресейлік Александр Ивановтан айласын асырды. Алайда, Әзірбайжан боксшысымен өткізген кездесуде Мейірімнің жолы болмады.
Ал Мейірімнің бүгінгі қарсыласы - Вячеслав Кербер. Ол Дүниежүзілік бокс сериясында өткен маусыман бері жұдырықтасып келеді. Бұл маусымда екі жекпе-жекті жеңіспен аяқтаған неміс боксшысы әлемдік рейтингте үшінші орында тұр.
Бұл жекпе-жек Мейірімнің айқын басымдығымен өтті. Ол шаршы алаңда қарсыласын соққының астына ала отырып, сауатты қорғана білді. Бұл жеңісімен Мейірім Нұрсұлтанов «Астана арландарын» жартылай финалға алып шықты. «Астана арландары» - «Team Germany» қарымта жекпе-жегінің есебі - 3:0.
Бұған дейін, Мирас Жақыпов (52 келі) пен Самат Бәшенов (60 келі) өз жекпе-жектерін жеңіспен аяқтады. Ал енді шаршы алаңда Хрвое Сеп (81 келі) пен Руслан Мырсатаев (+91) жұдырықтасады.