«Астана арландары» - «Team Germany» 8:2
«Астана арландары» мен «Team Germany» арасындағы бесінші жекпе-жекте аса ауыр салмақтағы боксшылар шаршы алаңға көтерілді. Қазақстандық команданың бас бапкері Сергей Корчинский бұл жолы Руслан Мырсатаевты шығаруды жөн санапты. Ол бұл маусымның топтық кезеңінде «Баку оттары» командасымен болған жекпе-жекке шығып, ұтылып қалған еді.
Ал оның қарсыласы Эрик Пфайфер өз салмағы бойынша әлемдік рейтингте төртінші орында тұр. Неміс клубындағы ең тәжірибелі боксшылардың бірі Әлем және Еуропа чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алған.
Бұл маусымда Алматыда алғаш рет жұдырықтасқан Руслан үшін бүгінгі жекпе-жектің маңызы зор болды. Оның үстіне тәжірибелі қарсыласына алғашқы екі раунд бойынша есе жіберіп алды. Дегенмен үшінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберсе, төртінші раундты да өз пайдасына шешті. Шешуші раундта табандылық таныта білген Руслан Мырсатаев командаға бесінші жеңісті әкелді.
Айта кетейік, бұған дейін Мирас Жақыпов, Самат Бәшенов, Мейірім Нұрсұлтанов және Хрвое Сеп өз жекпе-жектерін сәтті аяқтаған еді. Екі кездесудің қорытындысы бойынша «Астана арландары» командасы «Team Germany»-дан 8:2 есебімен басым түсті.
«Астана арландары» жартылай финалда италиялық немесе әзірбайжандық боксшылармен кездеседі. Бұл жекпе-жектер Астанада өтеді.