Мирас Жақыпов жекпе-жекті жеңіспен бастады
Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында Дүниежүзілік бокс сериясының ширек финалының қарымта кездесуінде «Астана арландары» Германияның «Team Germany» командасын қабылдауда.
Германияның Ханау қалашығында өткен жекпе-жекте қазақ боксшылары 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Ал қарымта кездесудің алғашқы жекпе-жегінде шаршы алаңға 52 келіде Мирас Жақыпов пен Ронни Беблик шықты.
Мирас Жақыпов бұл маусымда екі жекпе-жек өткізді. Бір жеңіс, бір жеңіліс. Кубалық Херардо Сервантесті жеңіп, мексикалық Элиас Эмигдиоға есе жіберді.
Ал оның қарсыласы Ронни Беблик WSB маусымында өткізген бес жекпе-жегінде жеңіске жете алмаған. Дегенмен неміс боксшысы Әлем және Еуропа чемпионатының қола жүлдегері.
Бүгінгі жекпе-жекте Мирас Жақыповтың мерейі үстем болды. Ол басымдықты алғашқы раундтан бастап қолға алып, айқын жеңіске жетті. Бұл жеңістен кейін «Астана арландары» жартылай финалға бір қадам жақындай түсті.