Қанат Ислам: Мэйвезермен де жекпе-жекке шығуға дайынмын
Орта салмақтағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам WBA тұжырымы бойынша Әлем чемпионы атағын жеңіп алуға ниетті екенін мәлімдеді.Ол шаршы алаңда 16 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен, Оның үстіне 14 кездесуді нокаутпен аяқтаған. Өткен жылы Кариб аймағының боксшыларының ішінде үздік атанды. Ал биыл WBА тұжырымының Латын Америкасы елдері бойынша чемпиондық атағына ие болды.
«Мен бұл көрсеткішпен шектеліп қалмаймын. WBA тұжырымы бойынша Әлем чемпионы атағын алғым келеді», - дейді Қанат Ислам.
Қанат Ислам чемпиондық атаққа осы жылдың аяғында таласуы мүмкін. Ол келесі жекпе-жегін 26 сәуірде Доминикан Республикасында өткізеді. Жеңіске жеткен жағдайда қазақстандық боксшы WBA рейтингінде 8 сатыға (қазір 11-ші орында) көтеріледі. Бұл оны чемпиондық жекпе-жекке жақындата түспек.
Қанат Исламның салмағымда мықты боксшылар жеткілікті. Ең мықтысы – америкалық Флойд Мэйвезер пен филиппиндік Мэнни Пакьяо. Мэйвезер жоғары деңгейде 45 жекпе-жек өткізген. Әлемдегі ең үздік боксшы саналады. Ал Пакьяо сегіз салмақта чемпиондық белдікті иеленген. Сонымен қатар, Карлос Молина, Деметрус Андраде, Эрисланди Лара, Мигель Котто, Сауль Альварес сынды деңгейі жоғары боксшылар бар.
«Бұл боксшылардың барлығы оңай қарсылас емес. Кәсіпқой боксқа ауысқан кезде жекпе-жектің жеңіл болмайтынын білдім. Қазақ «Жығылсаң, нардан жығыл» дейді. Әуесқой бокста жетістіктерге жеттім. Енді өзімді жаңа қырымнан танытқым келеді. Егер Флойд Мэйвезермен жекпе-жекке шығу керек болса, мен оған дайынмын», - деді Қанат Ислам.