Қазақстан қоржынында – 2 «алтын», 2 «күміс», 1 «қола»
Болгария астанасы Софияда аяқталған бокстан жастар арасындағы Әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медальға ие болды.
Алғашқы алтынды ел қоржынына 49 келі салмақта жұдырықтасқан Шалқар Айқынбай салды. Ол финалда өзбек боксшысы Сулейман Латиповтан басым түсті.
60 келі салмақта тағы бір қазақ боксшысы Абылайхан Жүсіпов шаршы алаңда қарсылас шыдатпады. Ол ақтық бәсекеде румын боксшысы Арсен Мұстафаны жеңді.
Сұлтан Заурбек – Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. 56 келі салмақта жұдырықтасқан Сұлтан финалдық жекпе-жекте кубалық боксшы Хавьер Ибанестен айласын асыра алмады.
Тағы бір күміс жүлдені 81 келі салмақта Вадим Казаков иеленді. Ол финалда болгариялық боксшы Благой Найденовты жеңе алмады.
Айта кетейік, кеше қыздар бәсекесінде Алуа Балқыбекова (51 келі) Әлем чемпионатының қола жүлдесін алған еді.