WSB. Сергей Деревянченко әзірбайжандық боксшыны техникалық нокаутпен жеңді
«Астана арландары» мен «Baku Fires» арасындағы жартылай финалдық жекпе-жектер жалғасуда. Жанкүйерлер Сергей Деревяченконың шаршы алаңға шыққанын асыға күткені анық.
Мойындау керек, дәл қазіргі кезде Сергей Деревянченконың салмағында оған тең келер боксшы жоқ. Тек «арландар» құрамында ғана емес, Дүниежүзілік бокс сериясына қатысқан он екі команданың ішінен Дереваянченкоға қарсы тұруға ешкімнің шамасы келмей жүр.
Бүгінгі кездесуде ол өзінің ескі қарсыласы Солтан Мигитиновпен жұдырықтасты. WSB алғашқы маусымында қос боксшы чемпиондық атаққа таласып, Сергей Деревянченконың бағы жанған.
Араға төрт жыл салып, Сергей Деревянченко тағы да әзірбайжандық боксшыдан басым түсті. Жекпе-жекті техникалық нокаутпен аяқтады. Бұл жеңістен кейін «Астана арландары» таразы басын теңестірді. Есеп: 2-2.