Қазақ боксшыларының соққысы мығым
Ресейдің Хабаровск қаласында өтіп жатқан Константин Коротковты еске алуға арналған турнирдің финалына алты қазақстандық боксшы шықты.
Финалдық жекпе-жектер ертең өтеді. 49 келіде Жомарт Ержан Ресейдің бірнеше мәрте чемпионы Василий Егоровпен, 52 келіде Әділет Құрметов солтүстіккореялық боксшы Ли Чунг Лимен жұдырықтасады.
54 келіде Айдар Әмірзақовтың ақтық сындағы қарсыласы - ресейлік Виктор Миргород. Ал 75 келіде 2013 жылғы Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы финалда ирандық боксшы Арагидалг Яхангиртен «емтихан» қабылдайды.
81 келіде Дәурен Елеусінов Еуропа чемпионы ресейлік Никита Ивановпен кездессе, аса ауыр салмақта Нұржан Бекзатов венгрлік Иштван Бернатпен қолғап түйістіреді.
Жартылай финалда тоқтаған Ержан Ордабаев (56 келі), Сағадат Рахманқұлов (69 келі), Антон Пинчук (91 келі) қола медальды қанағат тұтты.
Ал бүгін Өзбекстан астанасы Ташкентте Сидней Джаксонның құрметіне өтіп жатқан жарыстың финалына Иван Дычко шықты. Ол жартылай финалда өзбек боксшысы Баходыр Джалолвты ұтты.
Сондай-ақ, Албанияның Шкодер қаласында тағы бір халықаралық турнир жалауын желбіретті. Бұл жарыста жаттықтырушы Александр Стрельниковтың басшылығымен тағы бес Ұлттық құрама мүшесі - Біржан Жақыпов (49 келі), Ерлан Тамемов (52 келі), Жанболат Тілегенұлы (56 келі), Алмасбек Шымбергенов (64 келі) және Алексей Севостьянов (91 келі) қатысады.