Бокс: Қазақстан боксшылары 9 медаль жеңіп алды
Ресейдің Хабаровск қаласында өткен Кеңес Одағының Батыры Константин Коротковты еске алуға арналған халықаралық турнирде Қазақстан боксшылары 2 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль еншіледі,
75 келі салмақ дәрежесінде Жәнібек Әлімханұлы финалдық жекпе-жекте ирандық Арагидалг Яхангирді ұтса, Нұржан Бекзатов (91 келіден жоғары) венгриялық Иштван Бернаттан басым түсті.
Финалдық кездесулерінде Жомарт Ержан (49 келі) ресейлік Василий Егоровқа, Әділет Құрметов (52 келі) қытайлық Ли Чунг Лиге, Айдар Әмірзақов (64 келі) ресейлік Виктору Миргородқа, Дәурен Елеусінов (81 келі) Еуропа чемпионы ресейлік Никита Ивановқа жол берді.
56 келіде Ержан Ордабаев, 69 келіде Сағадат Рахманқұлов және 91 келідегі Антон Пинчук жарысты қола медальмен аяқтады.
Айта кетейік, бұл турнирге 17 елдің 71 былғары қолғап шебері қатысқан болатын. Жалпы командалық есепте шаршы алаң иелері бірінші орынға шықса, екінші орын Қазақстан құрамасына бұйырды. Сонымен бірге үздік үштікке Әзірбайжан құрамасы да табан тіреді.