Қазақстандық алты боксшы келесі кезеңге өтті
Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында бокстан ересектер арасында өтіп жатқан «Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы» IV Халықаралық турнирінде жарыстың екінші күні рингке шыққан 10 қазақстандық боксшының алтауы келесі кезеңге шықты.
Төрт боксшы - Ержан Ордабаев (56 келі), Зәкір Сафиуллин (60 келі), Дархан Жұмсақбаев (60 келі) және Алексей Севостьянов (91 келі) қарсыластарына есе жіберді.
Ал Берік Әбдірахманов (60 келі), Алмасбек Әлибеков (64 келі), 2011 жылғы Азия чемпионы Айдар Әмірзақов (64 келі), Асланбек Шымбергенов (64 келі), Азия чемпионы Антон Пинчук (91 келі), Асқар Абдоллаев (91 келі) өз жекпе-жектерін жеңіспен аяқтады.
Айта кетейік, Асланбек Шымбергенов ресейлік Эдуард Хусаиновты, ал Асқар Абдоллаев моңғолиялық боксшы Төлек Ерболатты техникалық нокаутпен жеңді.
Естеріңізге сала кетейік, жартылай финал мен финалдық жекпе-жектерді «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.