Оскар Де Ла Хойя Головкин мен Альварес арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыруы мүмкін
Бұрынғы атақты боксшы, бүгінде «Golden Boy» промоутерлік компаниясының басшысы Оскар Де Ла Хойя бірінші орта салмақ дәрежесіндегі бұрынғы әлем чемпионы, мексикалық Сауль Альварес пен орта салмақ дәрежесіндегі WBA мен IBO чемпионы Геннадий Головкиннің жекпе-жегін ұйымдастыруды жоспарлауда.
«Геннадий Головкин өте қауіпті боксшы. Альварес сондай спортшылармен жұдырықтасуға ниетті», - деп келтіреді Де Ла Хойяның сөзін Boxing News 24.
Осыған дейін Альварестің күзде америкалық Джеймс Кирклендпен, кейін мексикалық Мигель Коттомен кездесетіні туралы хабарланған.
Ал, Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін 27 шілдеде Нью-Йоркте өткізеді. Оның қарсыласы австралиялық Дэниэль Гил болмақ. Геннадийдің бапкері Абель Санчестің сөзіне қарағанда, бұл кездесу Головкинге үлкен сынақ болмақ. Аталған жекпе-жекті «KAZsport» телеарнасынан тікелей эфирде көре аласыздар.