Қарағандылық боксшы Ержан Мұсәпіров «Astana Arlans» қатарына оралды
Дүниежүзілік бокс сериясының алғашқы маусымдарында «Astana Arlans» сапында жұдырықтасқан қарағандылық боксшы Ержан Мұсәпіров ауыр отадан соң клубқа қайта оралды. Бұл туралы «Астана спорт» басылымы хабарлайды.
«Отадан соң клубтың бас директоры Болат Тоқтарұлы қайта қалпыма келіп, клуб намысын қорғау туралы шешім қабылдаған жағдайда мені асыға күтетінін айтты, - дейді Ержан. – Мен көпке дейін хабарласа алмадым. Өйткені, дайын емес едім. Қарағанды командасымен Бурабайға оқу-жаттығу жиындарына аттанғанымда, директор «арландардың» да Бурабайда екенін хабарлады. Осылайша, Бурабайда бір күн ғана болып, Алматыдағы АИБА бокс академиясы келдім. Әрине, мұның бәрі әзірге ресми түрде емес. Себебі ол үшін әлі көп жұмыс істеу керек. Ең бастысы, бұған дайынмын».
«Ержан – нағыз жауынгер. Ол уақытылы оралды. Себебі келесі жылы лицензиялар сарапқа салынады. WSB жобасында да жолдамаға иелік етуге мүмкіндік бар. Ержанның өз діттеген мақсатына жететіндігіне күмәнім жоқ», - деп пікір білдірді «Астана арландарының» бас директоры Болат Манкенов.
Фото: centralasiaonline.com