Данияр Елеусінов «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын иеленді
Бүгін Астанада «Спорт» аталымында Данияр Елеусіновке «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы тапсырылды.
«2014 жылдың соңғы күндерінде біз ҚР Үкіметінің жастарға арналған мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаттарын анықтап, оларға бүгін сыйлық тапсырудамыз. «Дарын» сыйлығы бүгінде еліміздің жастары мен халықтың арасында көзге түсіп, түрлі салаларда жақсы көрсеткіштерге жеткендерге тапсырылатыны белгілі. Сыйлық 10 аталым бойынша белгіленді. Осы марапат біздің мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың жолында үлкен үлес беретін, жастарға үлкен талап қоятын және оларға мүмкіндік беретін жағдай», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев.
Данияр Елеусінов XXX Жазғы Олимпиада ойындарының қатысушысы (Лондон 2012 ж.); Азия чемпионы (Иордания, 2003 ж.), Әлем чемпионы (Алматы қ.); Қазақстан боксы тарихында Азия ойындарының бірінші екі дүркін чемпионы (Қытай, 2010 ж. және Корея, 2014 ж.) ҚР бокс бойынша еңбегі сіңірген спорт шебері (2013 ж.); Жоғары спорттық жетістіктері үшін «Құрмет» орденімен марапатталған (2013 ж.); Бокстан ҚР Ұлттық құрама командасының капитаны.
Айта кетейік, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын 1996 жылғы 7 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен және алғашқы рет 1998 жылы берілді. Сыйлық 35 жасқа дейінгі ел азаматтарына ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметтері үшін тапсырылады. Сыйлық талантты жастарды ынталандыру және олардың сіңірген еңбегін бағалау мақсатында екі жылда бір рет беріледі.
ҚазАқпарат