Головкиннің бапкері Мюрреймен кездесуге қатысты тактикамен бөлісті
Қазақстандық Геннадий Головкиннің бапкері Абель Санчес «The Sweet Science» басылымының журналисіне берген сұхбатында ұлыбританиялық Мартин Мюррейге қатысты ұстанатын тактикасы туралы айтты.
«Бірінші раундта Геннадий Мюррейді соққыларымен сынап көреді. Ол өзінің ара қашықтығын тауып, жылдамдығын бағалап, Мартиннің де шама-шарқын байқауға тырысады.
Екінші раундта жойқын джеб арқылы бір немесе екі соққымен комбинация жасамақ. Бұл жекпе-жек ырғағы үшін қажет. Мюррей айқасқа шығуға тырысады, бірақ бірнеше раундтан соң өзінің қорғанысына қайта оралады. Бұл Геннадий үшін өзінің керемет соққыларын көрсетуге үлкен мүмкіндік болмақ», - деді Санчес.
Айта кетейік, Головкин мен Мюррейдің жекпе-жегі болатын бокс кеші 21 ақпанда (21-ші ақпаннан 22-ші ақпанға қараған түні) Астана уақыты бойынша сағат 01:25-те басталады.
Бокс кешін «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Ойын барысын ел аумағында онлайн трансляциялау құқығы kaztrk.kz порталына берілген. Ал, жекпе-жектің қайталауын 22 ақпанда «KAZsport» телеарнасынан тамашалай аласыздар.