WSB. «Астана арландары» ресейлік «Russian Boxing Team» командасын 5:0 есебімен ұтты
Бүгін Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) жобасының бесінші маусымының жартылай финалдық жекпе-жектері өтті.
«Астана арландарының» ресейлік «Russian Boxing Team» командасымен финалдық жолдаманы сарапқа салды.
Бүгін жартылай финалдық сериядағы алғашқы бес жекпе-жек өтті. 49 келі салмақ дәрежесінде Теміртас Жұсупов Вадим Кудряковты, 56 келіде Қайрат Ералиев Андраник Григорянды, 64 келіде Самат Башенов Авак Узлянды жеңді.
Сонымен қатар, 75 келіде сынға түскен Мейірім Нұрсұлтанов Сухроб Сидиковты жеңсе, 91 келіге дейін салмақ дәрежесінде Василий Левит Виталий Кудуховтан басым түсті. Осылайша қазақстандық боксшылар жартылай финалдың алғашқы бес жекпе-жегінде жеңіске жетіп, 5:0 есебімен алға шықты.
Айта кетейік, ертең екі команда арасында қалған 5 жұп шаршы алаңға шығады. Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде өтетін бокс кешін Олжас Сәттібаев пен Карен Арутюнян (52 келі) арасындағы жекпе-жек ашады. Олардан кейін Закир Сафиуллин мен Артур Субханкулов (60 келі), Нұрдәулет Жарманов пен Эдуард Якушев (81 келі), Еркін Мұхамеджан мен Дмитрий Зайцев (91 келіден жоғары) жұдырықтасады. Ал, 69 келі салмақ дәрежесінде ел намысын Асланбек Шымбергенов қорғап, ресейлік Якуб Нуриевпен жұдырық түйістіруі тиіс еді. Бірақ жаттықтырушылар оның орнына Данияр Елеусіновті шығару туралы шешім қабылдады.