Біржан Жақыпов «AIBA Pro Boxing» жобасының чемпиондық жекпе-жегінде ұтылып қалды
Чемпиондық жекпе-жек Қытайдың Гуйян қаласында өтті.
«AIBA Pro Boxing» жобасының чемпиондық жекпе-жегінде 49 келідегі қазақстандық боксшы Біржан Жақыпов жергілікті боксшы Лю Бинмен жұдырықтасып, 3:0 есебімен есе жіберді.
12 раундқа созылған кездесу 113:115, 111:117, 111:117 ұпайымен қытайлық боксшының пайдасына шешілді.
Айта кетейік, жобаның бірінші маусымында қытайлық боксшы Лю Бин жеңімпаз атанса, екінші маусымда Біржан Жақыпов чемпион болған.
Сондай-ақ, осы жекпе-жек аясында екі қазақстандық боксшы өздерінің рейтингтік кездесуін өткізді.
Алғаш шаршы алаңға 91 келідегі Антон Пинчук көтерілді. Ол румыниялық Драгос Гиониямен жұдырықтасып, 3-раундта техникалық нокаудпен жеңіске жетті.
Антоннан соң 52 келідегі боксшымыз Ілияс Сүлейменов қытайлық Ян Чануға қарсы рингке шықты. Жұдырықтасу кезінде Ілиястың қабағы жарылып, жарысты жалғастыра алмауының себебімен 9 раундта жекпе-жек тоқтатылып, 85:86, 83:88, 83:88 есебімен жеңіс жергілікті Қытай боксшысына берілді.
Еске сала кетейік, «AIBA Pro Boxing» жобасында екі қазақстандық боксшы чемпион атанып, Рио Олимпиадасына жолдама алған еді. Олар 60 келідегі Берік Әбдірахманов пен 49 келідегі Біржан Жақыпов.
Тағы бір айта кететін жайт, Біржан Жақыпов пен Лю Бин арасындағы жекпе-жек алдында ұйымдастырушылар Қазақстанның бұрынғы әнұранын қосып жіберді. Тікелей көрсетілім барысында Біржан Жақыов пен Ұлттық құраманың жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов қарсылық танытқанымен, ескі әнұран толық орындалды.