Геннадий Головкин мен Давид Лемьенің жекпе-жектен алатын сыйақы сомасы белгілі болды
Нью-Йорк штатының атлетикалық комиссиясы (NYSAC) ертең, 18 қазанда Madison Square Garden аренасында өтетін Головкин-Лемье бокс кешіне қатысатын спортшылардың алатын сыйақы көлемін жариялады.
Головкиннің сыйақысы 2 миллион доллар, ал Лемьенікі 1,5 миллион доллар болмақ. Бұл ақшаны олар міндетті түрде алады. Алайда, қорытынды сыйақы көлемі бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі жекпе-жек PPV ақылы көрсетелім жүйесі бойынша өтеді. Егер, PPV сатылымдары 200 мыңнан көп болса, онда боксшылар қосымша ақша алады.
Еске сала кетейік, бокс кешін «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы Астана уақыты бойынша сағат 06:55-тен бастап тікелей эфирде көрсетеді. Сонымен қатар, жекпе-жекті телеарнаның сайтынан онлайн тамашалауға болады.