Қазақстандық боксшы Ержан Жомарт «Странджа» турнирінің жеңімпазы атанды
22-28 ақпанда Болгарияда дәстүрлі «Странджа» турнирі өтті. Жарысқа қазақстандық боксшылар да қатысты.
Жақсылық Ілиясов (60 кг) АРВ сериясы бойынша чемпион өзбекстандық Хуршид Тожибаевтан ұтылып, жарысты ерте аяқтады. Ал Бекзод Халмедов (69 кг), Алмасбек Әлібеков (64 кг) және Вадим Казаков (81 кг) ширек финалға дейін жетті.
Ақтық сынға тек Ержан Жомарт қана шықты. Ол алғашқы кездесуде 49 кг дейінгі салмақ дәрежесіндегі АРВ чемпионы - қытайлық Лю Бинді ұтты. Бин бұған дейін АРВ турнирінде қазақстандық Біржан Жақыповты жеңген еді. Финалда Ержан Жомарт шаршы алаң иесі Тинко Банабаковты 3:0 есебімен жеңіп, турнирдің чемпионы атанды.