«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы Қанат Исламның 9 мамырдағы жекпе-жегін тікелей эфирде көрсетеді
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы отандасымыз Қанат Исламның кәсіпқой бокстағы 21-жекпе-жегін тікелей эфирде көрсетуді жоспарлауда.
Кәсіпқой бокс әлемінде «Қазақ» атымен танылған Исламның бұл жолғы қарсыласы 28 жастағы колумбиялық былғары қолғап шебері Хуан Де Анхель. Басты кездесуі Ислам мен Де Анхель арасындағы жекпе-жек болып табылатын рейтингтік бокс кеші 9 мамыр күні АҚШ-тың Флорида штатындағы Лейкленд қаласында Астана уақытымен таңғы 07:00-де басталмақ.
Кәсіпқой боксқа 2012 жылы ауысқан Қанат Ислам бұған дейінгі өткізген 20 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жеткен. Оның ішіндегі 17 кездесуде отандасымыз қарсыластарын нокаутқа түсірген.
Ал, Хуан Де Анхельге келер болсақ, колумбиялық боксшы 2008 жылдан кәсіпқойлар арасындағы сындарға қатысып келеді. Шаршы алаңда 22 жекпе-жек өткізіп 18-ін өз жеңісімен аяқтаған. Үшеуінде Де Анхельдің қарсыластары басым түссе, бір кездесу (Хуанның кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегі) тең нәтижемен аяқталған.
Қарсыласының кәсіпқой рингтегі тәжірибесі мол десек те, Исламның мектебі жақсы. Әрі, отандасымыз әуесқойлар арасындағы сындарда толағай табыстарға қол жеткізген бірегей тұлғалардың бірі.
Бүгінде Қанат АҚШ-та жаттығады. Бапкері - танымал америкалық маман Нельсон Лопес. Де Анхельге қарсы жекпе-жек - Қанаттың кәсіпқой бокстағы кең ауқымды телеарна көрсететін алғашқы кездесуі.
Отандасымызға сәттілік тілейміз!