Қанат Исламның қарсыласы Патрик Аллотей Қазақстанға келді
Қазақстандық боксшы Қанат Исламмен кездесу үшін ганалық боксшы Патрик Аллотей өз бапкерімен Қазақстанға келді, деп хабарлады pulse.com.gh.
26 жастағы африкалық 36 кездесу өткізіп, екеуінде ғана ұтылған, қалған жекпе-жектерін жеңіспен аяқтаған. Алғашында 2014 жылы Замбияда Зимбабве боксшысы Чарльз Манючиді және 2015 жылы АҚШ-та бразилиялық боксшы Патрик Тейшейраға есе жіберді.
«Техника, тактика бойынша жұмыс істедік және жекпе-жекке дайынбыз. Бұл оңай болмайтынын білеміз, алайда алынбайтын қамал жоқ», - деді Аллотейдің бапкері Офори Асаре ұшар алдында.
Отандасымыз Қанат Ислам осы уақытқа дейін 21 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен.
Қанат Ислам WBA Fedelatin нұсқасы бойынша өз белбеуін қорғамақ. Сондай-ақ, WBO Inter-Continental және IBO International нұсқалары бойынша чемпиондық белбеулері сарапқа салынады.
Еске сала кетейік, 29 қазанда Алматыда «Алматы арена» спорт кешенінде Қанат Ислам мен Патрик Аллотейдің жекпе-жегі өтеді. Қанат Исламнан басқа бокс кешінде Жанқош Тұраров, Руслан Мырсатаев, Әли Ахметов, Айдар Шәрібаев, Айдос Ербосынұлы шаршы алаңға шығатын болады.