Геннадий Головкин келесі кездесуіне дайындығын бастады
WBA (Super), IBO, WBC және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Калифорния штатындағы «Big Bear» жаттығу алаңында қайтадан жаттыға бастады, деп хабарлайды inform.kz.
Бұл туралы боксшының жеке жаттықтырушысы Абель Санчес твиттер әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында хабарлап отыр.
«GGG «Үлкен аюда» талмай жаттығуда» деп жазды А.Санчес.
Өздеріңіз білетіндей, Геннадий Головкин қазір келесі жекпе-жегін күтіп жүр.
Бұған дейін хабарланғандай, Геннадий Головкин (36-0, 33 КО) мен Дэниел Джейкобс (32-1, 29 КО) командалары арасындағы келіссөздер ұзаққа созылғандықтан, қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің биыл шаршы алаңға шықпайтыны айтылған болатын. Оған дейін Геннадий Головкин мен Дэниэл Джейкобстың жекпе-жегі 10 желтоқсан күні өтуі мүмкін деп болжанған еді.
Осы жылдың 11 қыркүйегінде Геннадий Головкин (35-0, 32 КО) кәсіби рингте британдық Келл Брукты (36-0, 25 КО) нокаутқа жіберіп, кезекті жеңісіне қол жеткізген болатын.