Қанат Ислам жекпе-жекке тастүйін дайын
Ертең, 29 қазан күні кешке күллі қазақ жұртының назары оңтүстік мегаполистегі «Алматы Арена» спорт сарайына ауғалы тұр. Бұған қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Исламның осында ганалық бәсекелесі Патрик Аллотеймен «WBA Fedelatin» белбеуін қорғау және құрлықаралық WBO чемпиондығын алу үшін жекпе-жек өткізетіні себеп болып отыр.
Қанат 2012 жылғы қыркүйекте кәсіпқой боксқа ауысқан еді. Ол сол уақыттан бері АҚШ-тың Флорида штатындағы Пахоки қаласында тұрып, жаттығып жатыр. Біздің жерлесіміз 2012 жылғы 19 желтоқсанда «WBA Fedecaribe» болжамы бойынша бірінші орта салмақта чемпион атанды. Сол уақыттан бері ол 21 рет рингке шығып, соның бәрінде жеңіске жетті. Оның ішінде 18 ұрысын нокаутпен аяқтады.
Дегенмен, Қанаттың ертеңгі қарсыласы оңай шағылатын жаңғақ емес. Мұны боксшы 23 қыркүйекте өткізген баспасөз мәслихатында ашық айтты. Ол өз елінде өтетін алғашқы жекпе-жектің жүгі ауыр екенін бірден жеткізді.
«Тұңғыш рет өз елімде кездесу өткізгелі отырмын. Бұл – үлкен жауапкершілік. Қарсыласым да осал емес. Бұл үшін оның 36 кездесу өткізіп, 28-ін нокаутпен жеңгенін айтсам да жеткілікті. Тіпті нокаут санының өзі менің барлық ұрыстарымнан көп. Мен Алматыда жерлестерімнің жаппай қолдауына сүйенемін. Қазір жаттығуды IBA академиясында өткізіп жүрмін,» – деді Қанат Ислам сол жолы.
Еске сала кетейік, бұл бокс кешінде Қанат Исламнан басқа, Жанқош Тұраров, Руслан Мырсатаев, Әли Ахметов, Айдар Шәрібаев, Айдос Ербосынұлы және Жәнібек Әлімханұлы есімді жерлестеріміз шаршы алаңға шығады. Бұлардың арасында Жәнібек бірінші рет өзін кәсіпқой рингте сынап көргелі тұр.
Мамандар мен спортшының айтуынша, біздің үкілеп қосатын үмітіміз – Қанат Ислам алдағы жекпе-жекке тастүйін дайындықта келіп отыр. Тек оған енді сәттілік серік болсын деп тілейік.
Бокс кешін «Қазақстан» телеарнасы арқылы тамашалай аласыздар! Трансляцияның басталуы 17:50-де.