Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам балаларға сый жасады
Кәсіпқой боксшы, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Исламды үлгі тұтатындар қатарында атыраулық жас өрендер де көп. Бұл оның мұнайлы өңір жастарымен кездесуінде айқын аңғарылды.
Даңқты спортшы алдымен Сабыр Қазыбаев атындағы мектеп-интернат тәрбиеленушілерімен кездесіп, спорттағы жетістіктері жайында айтып берді. Мұнда оқушылардың концертін тамашалап, ата-ананың аялы алақаны мен мейіріміне зәру балаларға плазмалық теледидар тарту етті.
«Интернатта жатудың жағдайын, ата-анадан жырақ жүрудің қаншалықты қиын екенін жақсы түсінемін. Мен де 11 жасымнан бастап спортқа дайындалу мақсатында интернатта тұрдым. Өйткені, асқақ арманым болды. Сол мақсатқа жету үшін талай қиындықты да бастан өткердім,» – деді әр баланың басынан мейірлене сипаған Қанат.
Атырау жастарына жігер беріп, олардың болашағына қанат бітіруді көздеген ол: «Өзімнің де балаларым бар. Дегенмен, жұбайыммен кеңесіп, болашақта бала асырап алу ойымда бар. Ол әр отбасының борышы болуы тиіс»,-дейді.
«Сіздерге мына бір нәрсені айтқым келеді. Өмірде түрлі жағдайлар болады. Кейде салың суға кетіп, бәріне қолыңды бір сілтегің келеді. Бірақ, мұндай кездерде өзіңді қолға алып, табандылықты одан әрі еселей түсу керек. Біз таңдай қағып жүрген чемпиондар жетістікке бір ғана мақсаттың арқасында жетті. Ол – ешқашан берілмеу. Осы қағиданы өмірлік ұстаным етіп алатын болсаңыздар, әрқашан жеңіске жетесіздер,»– деді Қанат Ислам.
Спортшы бұдан соң жергілікті студенттермен де жүздесіп, шеберлік сағатын өткізді.