Павлодарда бокстан Қазақстан чемпионаты өтеді
20 қараша күні бокстан Қазақстан чемпионаты басталады. Павлодардағы додаға әр өңірдің кіл мықты боксшылары қатысады. Ал. Рио Олимпиадасында жүлделі орыннан көрінген боксшылар Данияр Елеусінов (69 келі), Василий Левит (91 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі) пен Иван Дычко (+91 келі) алдағы жарыстар мен ел біріншілігінен босатылған.
Осыған дейін жаттықтырушы Болат Әбдірахманов Павлодардағы дода қорытындысы бойынша ұлттық құраманың бірнеше құрамы жасақталатынын айтқан еді.
«Павлодардағы ел біріншілігінен кейін (20-27 қараша) халықаралық жарыстарға қатысатын ұлттық құраманың үш құрамын жасақтайтын боламыз. Өз салмағында жеңіске жеткен боксшылар Азия чемпионатына, 2017 жылы Гамбургте өтетін әлем чемпионатына баратын болады», - деді .
«Ел чемпионаты Олимпиада жүлдегерлері қатыспаса да тартысты әрі қызықты өтері сөзсіз. Жаңа іріктеу басталғалы тұр. Құрамаға іліккен боксшыларды алда әлем чемпионаты мен Азия біріншілігі күтеді. Сондықтан да боксшылар ұлттық құрама сапына ілігу үшін барын салары анық. Ұлттық құрамадан кеткен боксшылардың орнына кімдер келетінін шаршы алаң шешеді. Бізде кез келген салмақта бәсекелестік жоғары. Мықтыны жарыс көрсетеді»,– деді ұлттық құрама жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов.
Павлодардағы ел чемпионаты 27 қарашаға дейін жалғасады.
Аталмыш доданы тікелей эфирде «Kazsport» телеарнасы көрсетеді. Трансляция басталуы 15:55-те