ҚР Президенттінің жүлдесіне арналған халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы топ жарды
Қазақстан Республикасы президентінің жүлдесіне арналған дзюдодан тұңғыш халықаралық турнирде ел құрамасы топ жарды. 10 мемлекеттің татами шеберлері бақ сынаған командалық бәсекеде әуелде қырғызстандық балуандарды 4:1 есебімен тізе бүктірген ұлттық құраманың ұландары келесі айналымда Гүржілік шеберлерден 3:2 есебімен басым түсті. Ал, ақтөбелік бозкілем шеберлері бірінші айналымда украиналық дзюдошыларды жеңгенімен, таңғы шық елінен келген спортшыларға еш қарсылық көрсете алмады. Есеп 0:5. Осылайша, Қазақстан құрамасы финалға жолдама алса, жарыс иелері жұбаныш белдесулерінде де жүлдесіз қалды. Қола жүлде Грузиялық балуандардың қоржынында кетсе, бас жүлдені Қазақстан және Оңтүстік Корея елінің спортшылары сарапқа салды. 66-келіде Елдос Жұмақанов алдымен вазариді еншілеп, ұстау әдісімен қарсыласын таза ұтса, Жансай Смағұлов та, нағыз бабында екенін дәлелдеп командасына маңызды ұпай сыйлады. Ал, Қажымұқан Өтеулиев әріптестерінің жеңісті жолын жалғастыра алмады. Дегенмен, Ислам Бозбаев артылған үмітті ақтап Вончжун Джунгтан айласын асырды. Сонымен қоса, өз командасына алтын жүлде сыйлады.