Ұлттық құрама дзюдодан Тунисте өткен әлемдік Гран-При кезеңінде жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды
19-21 қаңтар аралығында Тунисте болып өткен әлемдік Гран-При кезеңінде дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы екі алтын, үш қола медаль қанжығалады. Турнир алдында ғана құрама тізгінін ұстаған Айдын Смағұлов шәкірттері жеті салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетіп, күш сынасты.
Жарыстың алғашқы күнінде еліміздің атынан 4 спортшы татамиге шығып, Ғұсман Қырғызбаев (60 келі) пен Ерлан Серікжанов (66 келі) медаль еншіледі. Турнирдің екінші күні 73 келіге дейінгі салмақта Жансай Смағұлов (73 келі) топ жарды. Ол алғашқы белдесуінде ресейлік Георгий Шмаковты, ширек финалда француз Акус Бенджаминді, жартылай финалда ирандық Мұхамед Мұхамедиді сан соқтырып, финалда косоволық дзюдошы Акил Кгожаковты иппонмен жеңді. 90 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан Ислам Бозбаев та Қазақ елінің абыройын асырды. Үшінші күні бақ сынаған жерлесіміз қарсыластарын қапы қалдырып, құрама қоржынына екінші «алтынды әкелді». Сондай-ақ, 100 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Виктор Демьяненко қола жүлдегер атанып, ел мерейін үстем етті.
Естеріңізге сала кетейік, аталмыш турнирге ел намысын қорғауға 7 салмақ дәрежесі бойынша 13 спортшы аттанған болатын.