Бокстан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегерлері Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левит алтын медаль иегерлерімен тең сыйақы алды
Бүгін Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы, Қазақстан бокс федерацияның президенті Тимур Құлыбаев Рио Олимпиадасының күміс жүлдегерлері Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетовке 34 млн теңге көлемінде Олимпиада ойындарының алтынға тең сыйақысын тапсырды.
«Бүгін мен өте бір тамаша рəсімді өткізейін деп отырмын. Жазда жанкүйерлер əр спортымыз үшін тақымдарын қысып, жанкүйер болды. Василий өте тамаша өнер көрсетіп, қазақстандықтар ғана емес, əлемдегі жанкүйерлер, халықаралық сарапшылар Василийдің Рио Олимпиадасында жеңгені анық деді. Бірақ, Василий ерге тəн мінез танытып, төрешілердің шешіміне дау айтқан жоқ. Қарсыласын сыйлады. Ал, Əділбек күш-жігер танытып, Олимпиада ойындарының екінші жүлдесін жеңіп алды. Бірақ, Қазақстан халқы оның жүлдесін жоғары бағалады. Сондықтан, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, бұл екі батырымызға чемпиондарға сай сыйақы тағайындалды. Себебі, сіздер біздің жас спортшылар үшін үлгі болатын азаматсыздар»,-деді жүлдені тапсырған Құлыбаев.
Айта кетейік, екі боксшы бұған дейін 150 мың доллар көлемінде сыйақы алған болатын. Бүгінгі 100 мың долларын қосқанда, боксшылар Олимпиада алтынына тең 250 мың доллар көлемінде жүлде алып отыр.
«Жеңісімізді алтынға теңеген Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлына, Василий екеуміздің еңбегімізді бағалаған Сізге шын көңілден рақмет айтамын»,-деді Ниязымбетов.
Əріптесінің сөзін жалғастырған Василий Левит: «Менің финалдағы ойынымнан кейін ең бірінші хабарласып, жоғары баға берген адамдардың бірі сіз (Тимур Құлыбаев - агенттік) едіңіз. Елбасы мен Ұлттық Олимпиада комитетінің бұл шешіміне қарап, Қазақстан Олимпиада рухындағы ел жəне спортта тек əділдікті жақсы көретін мемлекет екенін байқауға болады. Сондай-ақ, жанкүйерлеріме айтар алғысым шексіз. Менің əр жеңісімде жанкүйерлерімнің қолдауы бар»,- деген ойын білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетов күміс медальдар олжалаған болатын. Алайда 2016 жылы 26 тамызда біздің олимпиадашыларды құрметтеу салтанатында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетовтің еңбегін жоғары бағалап, оларға алтын медаль үшін берілетін сыйақыны беру туралы шешім жасады.
«Мемлекет басшысының 23 қарашасындағы тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық Олимпиадалық комит Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетовке «алтынға» пара-пар сыйақыны табыстайды», - деп жазады ҚБФ.
Естеріңізге сала кетейік, 91 келі салмақ дәрежесі бойынша бокстан Олимпиада турнирінің ақтық айқасында төрешілер жеңісті ресейлік Евгений Тищенкоға берген болатын. Төрешілердің бұл шешіміне тек қазақстандық жанкүйерлер ғана емес, әлемнің бокссүйер жанкүйерлерінің басым бөлігі, соның ішінде Ресейдің біраз жанкүйерлері наразылық танытқан болатын. Шетелдік бірқатар басылым да осы ақтық айқаста Василий Левиттің үстем болғанын жазды. Осылайша, Левиттің күмісі алтынмен пара-пар болды. Бұған дәлел Қазақстан бокс федерациясы Олимпиада «күмісіне» берілетін мемлекеттік сыйақы 150 мың доллардың үстіне 100 мың доллар қосып, бұл соманы олимпиадалық «алтынмен» теңестірді.