АҚШ-та жеңіске жеткен Жанат Жақиянов елге оралды
Өткен түнде қазақстандық әйгілі спортшы Жанат Жақиянов (27-1, 18 КО) АҚШ-та әлем чемпионы Роуши Уорренге (14-2, 4 КО) қарсы өткізген жекпе-жегінен кейін елге оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өздеріңіз білетіндей, 2017 жылдың 11 ақпанында бокс әлемінің сенсациялық жаңалығы дүниежүзілік бұқаралық ақпарат құралдарына тарады. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Жанат Жақиянов жеңіл салмақта WBA (Super) және IBO нұсқасы бойынша чемпион титулына ие болып, Қазақстанды бүкіл әлемге танытты. АҚШ-тың Толедо қаласында өткен 12 раундық жекпе-жек қазақстандық спортшының жеңісімен аяқталды.
Кездесуде Жанат Жақиянов әлем чемпионы, америкалық Роуши Уорреннің белбеулерін тартып алды. Жақияновтың бапкері Рикки Хаттон оның келесі ықтимал қарсыласы туралы айтып берді. Ол WBA «тұрақты» чемпионы, британдық Джейми Макдоннелл (29-2-1, 13 КО) болуы мүмкін.
«Біз Макдоннеллмен жекпе-жек ұйымдастырғымыз келді, бірақ олар бізді тыңдағысы да келмеді. Қазір жағдай өзгерді - бізде белбеу бар. Эдди Хирн телефон тұтқасын енді көтеретін шығар. Біз нөмір біріншіміз және тек үздіктермен айқасқымыз келеді. Сондықтан, енді олар кезекке тұрсын», - деді Хаттон.