ҚР Президентінің кубогы: Левит корейлік қарсыласын жеңді
Елордада басталған Қазақстан Президенті кубогы үшін бокстан халықаралық турнирде Василий Левит бірінші қарсыласын жеңді. Бұл жайында ҚР Бокс федерациясынан мәлім етті.
«Бүгін Василий Левит Азия чемпионатына қатысқан Оңтүстік Корея боксшысы Инк Киммен шаршы алаңда кездесіп, турнирдегі бірінші жеңісіне қол жеткізді», - делінген федерация хабарламасында.
Айта кетерлігі, байрақты бәсекеге Қазақстан, Иран, Үндістан, Ресей, Моңғолия, Филиппин, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина және Корея былғары қолғап шеберлері қатысуда. Ерлерден 82 және қыздар 31 боксшы чемпиондық атақ пен Кубок игері атануы үшін шаршы алаңда жұдырықтасатын болады.
Айта кетерлігі, бірінші орын алған боксшы 2 мың, екінші орын алғаны 1 мың және үшінші орын алғаны 500 доллар сыйақы алады. Президент кубогында Қазақстан атынан 3 құрама қатысуда.
Ерлер командасында 43 спортшы бар. Оның 19-ы ұлттық құраманың мүшесі, 16-сы өңірлердің былғары қолғап шебері және Астана арландары клубының 8 боксшысы.
Қыздар құрамасы сапында ұлттық құраманың 13 және өңірлердің 16 былғары қолғап шеберлері ел намысын қорғайды. Финалдық кездесулер 10 маусымда өтеді.