Қазақ боксшылары Польшадағы халықаралық турнирде 4 алтын медаль жеңіп алды
Бокстан Польша астанасы Варшавада Феликс Штамм атындағы халықаралық турнир аяқталды. Биыл бұл жарыс 35-ші рет ұйымдастырылды.
Варшавадағы бокс бәсекесіне Қазақстаннан 10 боксшы қатысты. Оның 7-і жүлделі орыннан көрінді. 4 алтын 2 күміс 1 қола медаль жеңіп алды.
6 бірдей боксшымыз финалда жұдырықтасты. Алғаш болып шаршы алаңға шыққан Ілияс Сүлейменов (56 кг) иорданиялық боксшы Алуади Мұхамедті айқын жеңіп, алтын медальды еншіледі. Одан кейін 64 кг-ға дейінгі салмақта Бекдәулет Ибрагимов поляк боксшысы Дамин Дюркачты ұтып, жарыс жеңімпазы атанды.
69 кг салмақта Асланбек Шымбергенов топ жарды. Ол финалда ресейлік боксшы Сергей Собылинскийді жеңіп шықты. Сондай-ақ ауыр салмақтағы (91 кг) боксшымыз Антон Пинчук алтын медаль үшін өткен жекпе-жекте түрікмен Арсланбек Ачиловтан айласын асырды.
Өкінішке қарай, финалда құрама капитаны, екі бірдей Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов ресейлік боксшы Георгий Гушиташвилиге жол беріп, күміс жүлдегер атанды. 75 кг-ға дейінгі салмақта жұдырықтасқан Абай Төлеш те күміс медальды қанағат тұтты. Ол да финалда ресейлік боксшы Глеб Бакшимен жұдырықтасып, есе жіберді.
Қоржынға түскен бір қола медальды аса ауыр салмақтағы боксшымыз Айболды Дәуренұлы иеленді. Ал Жомарт Ержан (49 кг), Азамат Исақұлов (52 кг) пен Берік Әбдірахманов (60 кг) жүлделі орыннан көріне алмады.
Айта кетейік, қазақ боксшылары 8-12 наурыз аралығында Финляндия елінің астанасы Хельсенкидегі халықаралық турнирге қатысты. Онда отандастарымыз 5 алтын 1 күміс медаль жеңіп алған болатын.
Бокстан Қазақстан құрамасы үшін 2018 жылдың басты жарысы – тамыз айында Джакартада (Индонезия) өтетін Азия ойындары. Халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен боксшылар осы додада ел намысын қорғайды. Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов айта кеткендей, Азия ойындарына қатысатын боксшылар шілде айында белгілі болады.