Сауль Альварес алты айға спорттан шеттетілді
АҚШ-тың Невада штаты Атлетикалық комиссиясының шешімімен мексикалық боксшы Сауль Альварес допинг қолданғаны үшін алты айға спорттан шеттетілді, деп xабарлайды boxingscene.com сайты.
Отырыс барысында комиссия мүшелері мексикалық боксшыны жарты жылға спорттан шеттету туралы шешімді бірауыздан қолдады. Жазаның мерзімі ақпанның 17-сінен бастап есептеледі. Себебі дәл сол күні Сауль Альварестің алғашқы сынамасынан «кленбутерол» атты допинг табылды. Екі күннен кейінгі сынама да оң нәтиже көрсеткен еді. Одан кейінгілері таза болып шықты. Осылайша, «Канело» 17 тамызға дейін барлық жекпе-жектерден шеттетіліп отыр.
Сарапшылардың айтуынша, қыркүйек айында оның Геннадий Головкинге қарсы реваншы өтуі әбден мүмкін.
Айта кетейік, Сауль Альварес допингпен ақпан айында ұсталса да, Невада штатының Атлетикалық комиссиясы оны бірден шеттеткен жоқ. Кәсіби бокстың сарапшылары мексикалық жұлдыз жазадан құтылып кетеді деп байбалам салды. Геннадий Головкин де үндемей отырмады. GGG мексикалық боксшының алғашқы жекпе-жекте белгісіз дәрілерді қолданғанын жариялап, сол кезде түсірілген видеоны да көрсетті. Осыдан кейін Невада штатының Атлетикалық комиссиясы Сауль Альваресті 18 сәуірге дейін барлық жарыстардан шеттетті. Головкин болса, 5 мамырға қарсыласты таба алмай, біраз әуреге түсті. Бүгін қазақстандық боксшы алдағы жекпе-жектің өтетінін ресми түрде жариялады.