Жәнібек Әлімханұлы мен Сағадат Рахманқұлдың жекпе-жектері тікелей эфирде
4 қарашада АҚШ-тың Техас штатындағы Эль-Пасо қаласындағы Don Haskins Convention Center аренасында мексикалық боксшылар Мигель Берчельт (34-1, 30 КО) пен Мигель Роман (60-12, 47 КО) арасында жекпе-жек өтеді. Осы кездесу аясында қазақ боксшылары Жәнібек Әлімханұлы мен Сағадат Рахманқұл шаршы алаңға шығады.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы екіжақты келіссөздердің нәтижесінде болашағы зор қазақстандық кәсіпқой боксшылардың жекпе-жектерін тікелей көрсету туралы келісімге қол жеткізді.
Кеште Жәнібек Әлімханұлы (3-0, 1 КО) 32 жастағы америкалық Вон Александрмен (12-1, 8 КО) кездеседі. Сағадат Рахманқұлдың (3-0, 1 КО) қарсыласы пуэрторикалық Никлаус Флаз (5-1, 4 КО) болмақ.
Жәнібек Әлімханұлы - Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әуесқой бокста Әлем және Азия чемпионы болды. 2018 жылдың басында Жәнібек кәсіпқой боксқа ауысып, Top Rank промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасады. Бұл - жеңілмеген қазақстандық боксшының төртінші жекпе-жегі.
24 жастағы Сағадат Рахманқұл 2018 жылың 17 ақпанында кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізді. Әуесқой бокста 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 2013 жылы Қазақстан чемпионы атанып, 2014 жылы күміс медаль алған болатын.
Отандастарымыздың жекпе-жектері «Qazaqstan» және «Qazsport» арналарында Астана уақытымен 4 қараша күні сағат 04:00-де басталады.