Бүркітшілер байқауы мәресіне жетті (ВИДЕО)
Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының ұйымдастыруымен өтетін бүркітшілердің І Халықаралық фестивалі 28-30 қараша күндері аралығында Елордамызда өз байрағын көтерді.
Фестиваль аясында қырандар сайысы болды. Жарысқа 9 елден 43 бүркіт қатысты. Қазақстаннан 24 бүркіт, Моңғолиядан 10 бүркіт, Қырғыз Республикасынан 4 бүркіт, Испания, Венгрия, Словакия, Чехия елдерінен бір бүркіттен әкелінді.
Ережеге сәйкес, бүркітшілер жарыстың алғашқы күні бүркіттің сыны, қолға шақыру, еркін ұшу, бүркітті қоянға салу жаттығуларын орындады. Жарыс барысында ережені мұқият орындап көп ұпай жинаған бүркіттер келесі турға жолдама алды.
Екінші тур бүркітті түлкіге салумен басталды. Бұл жаттығуды ойдағыдай орындаған жеңімпаздар келесі ақтық сынға өтті. Бұнда бүркітті қасқырға салу арқылы жеңімпаз анықталады деп көзделді. Алайда, ақтық сында көкжалды көргенде көк патшайымы тайқып шықты. Құсбегілік сайысының ережесіне сай қасқырға ешбір бүркіт түспегендіктен, бас бәйге ешкімге берілмеді.
Бірінші орынды атыраулық Арман Қошқаров иеленсе, екінші орынды астаналық Күнтуған Тоқтарбай місе тұтты. Ал Моңғолиядан келген қандастарымыз Нұрғайып Ырысұлы мен Жарық Сайлау бөлісті.