«Қазақстан Барысының» финалына жолдама алған 4 палуан анықталды
«Қазақстан Барысы» турнирінің төртінші маусымына іріктеу жалғасуда. Бүгінге дейін финалға жолдама алған 4 палуанның есімі анықталды.
Қызылорда облысындағы іріктеу сынында Руслан Әбдіразақов қарсылас шақ келтірмеді. Өткен жылы жарақатына байланысты жобадан тыс қалған Руслан биыл бабында екенін байқатуда. Финалдық бәсекеге Русланмен бірге Айбек Серікбаев та қатысады. Бүгінде олар дайындықты бастап кетті. Ал 2011 жылғы «Қазақстан Барысы» Ұлан Рысқұлды биылғы финалдан көре алмаймыз.
«Бүгін мен ұтылып қалдым. Әрине, бірінші кезекте жарақатым әсер етті. Оның үстіне, дайындығым да керемет болған жоқ. Енді бар күшімді Руслан мен Айбектің алаңсыз жаттығуына саламын. Қызылорда облысының палуандары биылғы бәсекеде аянып қалмайды», - дейді Ұлан.
Шыны керек, Қызылорда облысы - турнирге іріктеу кезеңдерін ұқыпты өткізетін көшбасшы аймақтардың бірі. Облыс басшылығы бірінші орын алған Руслан Әбдіразақовқа 1 550 000 теңге, Айбек Серікбаевқа 850 000 теңге табыс етті. Екі палуан да «Қазақстан Барысының» финалына екінші рет қатысқалы отыр.
«Жеңіске жеткенім үшін қуаныштымын. Бұл жеңіс маған оңай келген жоқ. Бір жыл бұрынғы жарақатым әлі толықтай жазыла қойған жоқ. Әлі күнге дейін сыр беріп тұрады. Бірақ, биыл мені ештеңе де тоқтатпайды. Құдай қаласа, бар күшімді салып чемпион атанғым келеді», - дейді Руслан Әбдіразақов
Павлодар облысында да «Қазақстан Барысына» іріктеу кезеңінің үшінші айналымы аяқталды. Өткен жылы финалда бақ сынаған Самир Мамедов облыстық сында үшінші орын алып, биылғы додаға қатысу құқынан айырылды.
Ал финал жолдамасына Павлодар облысының үздігі, «Асау» лақап атымен танымал Дархан Жоламанов пен қазақ күресінің жас әрі талантты өкілі Батырхан Жүнісов ие болды.
Павлодар облысындағы жүлде қоры 1 300 000 теңгені құрады (1 орын - 700 000 теңге, 2 орын - 400 000 теңге, 3 орын - 200 000 теңге).
«Үнемі «Қазақстан Барысы» турнирін бақылап жүруші едім. Биыл жеңіске жетіп, финалға жолдама алудың сәті түсті. Сол үшін өте қуаныштымын. Ең қиын белдесу деп Дархан Жоламанов және Самир Мамедовпен болған кездесуді айтар едім», - дейді Батырхан Жүнісов.
Финалға жолдама алған балуандар туралы қысқаша мәлімет
Қызылорда облысы:
Руслан Әбдіразақов, «Сыр Барысы»
Бойы: 197 см
Салмағы: 117 келі
Туған жылы: 1988 жыл
Спорттық атағы: қазақ күресінен спорт шебері
Бапкері: Садық Мұстафаев
Айбек Серікбаев, «Сыр Арланы»
Бойы: 190 см
Салмағы: 103 келі
Туған жылы: 1993 жыл
Спорттық атағы: қазақ күресінен спорт шебері
Бапкері: Әділбек Серікбаев
Павлодар облысы:
Дархан Жоламанов, «Асау»
Бойы: 179 см
Салмағы: 103 келі
Туған жылы: 1986 жыл
Спорттық атағы: қазақ күресінен спорт шебері
Бапкерлері: Нұрлыбек Ермағанбетов, Мейрам Хамзин
Батырхан Жүнісов, «Тұлпар»
Бойы: 173 см
Салмағы: 90 келі
Туған жылы: 1993 жыл
Спорттық атағы: -
Бапкері: Серік Досымханов
Дереккөз: «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының баспасөз қызметі.