Ермахан Ыбырайымов пен Қайрат Нұртас асық атудан сынға түседі
Танымал қазақстандық Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов пен әнші Қайрат Нұртас Асық атудан республикалық турнирге қатысады, деп хабарлайды Ұлттық спорт түрлері федерациясының баспасөз қызметі.
Жарыс 25 мамырда Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің спорт кешенінде өтеді.
Шақырылған қонақтардың арасында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, қоғам қайраткері Қойшығара Салғарин бар.
Сонымен қатар, әншілер Қыдырәлі Болманов пен Досымжан Таңатаров көрсетілімді турнирде бақ сынайды.
Асық атудан республикалық чемпионатқа еліміздің барлық өңірінің командалары қатысады. Әр командада үш адамнан болуы керек. Біреуінің жасы 16-ға толмаған, екіншісі – 16-дaн жоғары, ал үшіншісі – жаттықтырушы.
Бірінші орын алған командаға 300 мың теңге, екінші орынға 200 мың теңге және үшінші орынға 100 мың теңге беріледі.