Дзюдодан Қазақстан құрамасы Ташкент Гран Приін 1 алтын, 1 қола жүлдемен аяқтады
9-11 қараша күндері Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында дзюдодан әлемдік Гран При кезеңі өтті. Ташкент татамиінде 47 елден 347 дзюдошы белдесті. 3 күнге созылған жарыста Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 қола жүлдемен жалпы командалық медаль кестесінде 9-орынға тұрақтады.
Азия ойындарының жеңімпазы Дидар Хамза 81 келіге дейінгі салмақта жарыста қарсылас шақ келтірмеді. Ол финалда Моңғолия спортшысы Дагвасурен Ниямсуренді голден скорда (қосымша уақытта) таза жеңіспен ұтып, жарыс жеңімпазы атанды.
Ал 100 келіден жоғары салмақта белдескен дзюдошымыз Ерасыл Қажыбаев қола жүлде жеңіп алды. Отандасымыз Ерасыл жұбаныш белдесуінде өзбекстандық Ихтиор Калмуратовты уақытынан бұрын иппонмен жеңді.
Сондай-ақ, Қазақстан құрамасынан Қажымұқан Өтеулиев (81 кг), Ислам Бозбаев (90 кг) және Аэлита Щербакова (70 кг) жарысты 7-орынмен аяқтады.
Ташкентте өткен Гран При турнирі лицензиялық турнир болып саналады. Мұнда жеңімпаздарға 700, екінші орын алған спортшыға 490, ал үшінші орынға 350 ұпайдан дзюдошылардың әлемдік рейтингіне қосылады.
ҚР дзюдо федерациясы