Шолпан Ата қаласында І Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ашылды
9 қыркүйек күні Қырғыз елінің Шолпан Ата қаласында І Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтті.
Бірегей спорт жарысының қатысушыларына Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев құттықтау хатын жолдады, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі.
Дүниежүзілік ойындардың мақсаты - аймақтағы көршілік қарым-қатынастарды, түркітілдес елдердің ауызбірлігін нығайту, көшпенді елдер мәдениетінің ұқсастығы мен бабалар мұрасын сақтап қалу идеясын дамытуға жаңа серпін беру.
Қазақстанның ресми делегациясын Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Исабаев бастап барды.
Естеріңізге сала кетейік, жарысқа Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Гагаузия, Әзірбайжан, Моңғолия, Ресей, Қытай елдерінің спорт делегациялары қатысады. Қазақстанның спорт делегациясының құрамына ұлттық спорт түрлері бойынша жетістіктерге жетіп жүрген спортшылар енді.
Ойындар бағдарламасында асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, қырғыз күресі, алыш, көкпар, аударыспақ, аламан бәйге, құнан бәйге, ат жарысы қамтылған. Сайыстың салтанатты жабылу рәсімі Шолпан Атада 14 қыркүйек күні 3D форматында өтеді.
Фото: www.inform.kz