І Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында палуан Амангелді Сатыбалдинов жеңімпаз атанды
Қырғыз елінің Шолпан ата қаласында алғаш рет ұйымдастырылған «І Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында» қазақстандық палуан Амангелді Сатыбалдинов қырғыз күресінен алтын жүлдеге ие болды, деп хабарлайды sk-sport.kz.
60 келіде белдесетін Амангелді Сатыбалдинов ақтық сында кілем қожайыны Бектурсун Толошуулуынан басым түсіп, жеңімпаз атанды.
Амангелдімен қатар, финалға өткен тағы бір отандасымыз Алмат Тойбағаров 74 келіге дейінгі салмақтағы белдесуде Дуулат Момбековке жол беріп қойып, күміс жүлдені қанағат тұтты.
Бұл сынға сақадай-сай дайындалып барған Қазақстан құрамасы қырғыз күресімен қатар, аударыспақ және тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайысқа араласуда.
Ыстықкөл жағасында өтіп жатқан бұл сайысқа Түркия, Ресей, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Ресей, Қытай Халық Республикасы, Түркіменстан елдерінен келген спортшылар қатысып жатыр.
Қатысушылар «Кок бору», «Тогуз коргоол», «Қыргыз курошу», «Алыш», «Эр Эниш», «Кунан чабыш», «Жорго салыш», «Кунан чабыш», «Ордо», аламан бәйге, қазақ күресі секілді спорт түрлері бойынша жарысқа түсуде.
Көшпенділер ойыны 14-қыркүйекке дейін жалғасады.
Фото:ulttyqsport.kz