Құсбегілік әлем назарында
ҚР ҰСТҚ президенті Бекболат Тілеухан Халықаралық Бүркітшілер қауымдастығының (IAF) президенті Адриано Ломбардпен кездесті. Басқосуда Қазақстандағы құсбегілік өнерінің қазіргі жағдайы мен өзекті мәселелері талқыланды.
Кездесуге сонымен бірге, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Дәурен Әбдіхамитов, Халықаралық Бүркітшілер қауымдастығының (IAF) вице-президенті Бақыт Қармақбаев пен «Бүркітші» федерациясының атқарушы директоры В.Земблевский қатысты.
Мамандардың айтуынша, елімізден араб елдеріне құстарды заңсыз әкеткен браконьерлік әрекеттер көптен кездеседі. Сөз кезегінде Б.Тілеухан: «Шынын айтқанда, бүркіт әлемде өте сирек кездесетін құс. Сондықтан, бүркіттердің жойылып кету қаупін заңнамалық тұрғыда реттегеніміз абзал», – деді.
Осы мәселеге байланысты тараптар биыл қазан айына Алматы қаласында халықаралық конференция ұйымдастыруға келісті. Ұйымдастырушылар жоспарланған аталмыш конференцияда шетел құсбегілері, ғалымдары мен мамандары әлемдегі ең озық тәжірибелер мен құстарды қорғаудың заңнамалық үлгісін дайындауға және басқа да көптеген сұрақтардың басын қайыратынына сенімді.
ulttyqsport.kz