Балуан Шолақтың 150 жылдығы

Балуан Шолақтың шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат руының Сәмбеті. Бірақ аталары ерте кезде Арқаға қоныс аударғандықтан, оның бар өмірі Көкшетау өңірінде Атығай, Қарауыл руларының арасында өткен. Әкесі Баймырза ағаш шебері екен. Шешесі Қалампыр әкесіне қарағанда өте қарулы әйел болған көрінеді. Балуан Шолақтың алып атануы да анасынан. 14 жасынан бастап күреске түсіп, ат құлағында ойнап, ат үстінде әртүрлі күрделі жаттығуды аса шебер орындаған. Бұл оның қазақтың дала циркі іргетасын қалағанын айғақтайды. Бүгінде біз ауызымыздың суы құрып, тамсана қарайтын каскадерлердің өзі орындай алмайтын трюктерді Баймырзаның өнерлі баласы бозбала шағында-ақ ел алдында көрсеткен. Шауып бар жатқан аттың үстінде тіксінен тік тұру, ердің үстінде басымен тұрып, аяғымен көк тіреу, аттың бауырынан жылдам өту сынды цирк өнерін шебер меңгеріп, көпшілікті тәнті еткен палуанның биылғы 150 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтсе, нұр үстіне нұр болар еді. Балуан Шолақ орыстың атақты палуаны Иван Кореннің жауырынын жер иіскетіп қана қоймай, қабырғасын күтірлетіп сындырып жіберген. Оны өзінің «Сентябрь» атты өлеңінде былай баяндайды: «Бұл күнде отыз бесте менің жасым, Қамалдың бұзар кезді тау мен тасын. Кешегі сентябрьдің базарында, Көтердім елу бір пұт кірдің тасын. Жиылып орыс, қазақ таң қалысты, Болды деп қаһарманнан мынау басым. Залог сап жетпіс бес сом күрескенде, Сындырдым Корен палуан қабырғасы...». 2000 жылы Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде қазақ күресінен түйе палуандар арасында республикалық сайыс өтті. Сол жарыста Балуан Шолақ көтерген 816 келіні зілтемірге салып ортаға шығарды. Ұйымдастырушылар кімде-кім 816 келіні орнынан қозғап, жерден көтерсе, автокөлік олжалайтынын айтты. Сонда тәуекел деп белін шарт буған біраз жігіт шығып, зілдей ауыр темірді көтеру былай тұрсын, орнынан қозғай алмаған-ды. Егер Балуан Шолақ біздің заманымызда өмір сүргенде өзінің көтерген тасын қайта еңсеріп, жүлдеге тігілген автокөлікті өз міне ме еді?! Кезінде Балуан Шолақ бабамыздың көкпарға серке емес, тайынша тартқаны да тарихта қаттаулы. Қазақ дейтін халықтың алтын құрсағынан алыптардың туғанын әлемге таныта алмай жүрген енжарлығымыз жаныма батады. Балуан Шолақ өзбектің болмаса қырғыздың палуаны болса, заманында-ақ дақпыртын аспандатып, жарнамасын асырып жіберетін еді. Жыл сайын ұйымдастырылып, дәстүрге айналған «Қазақстан Барысы» турнирінде Балуан Шолақты да дәріптесек, еш сөкеттігі жоқ. Пауэрлифтинг деген спорт түрі бар. Жалпақ тілмен айтқанда, қара күш жарысы. Пауэрлифтингпен Американың алып күш иесі Шейн Хэмменнің 447,5 келіні көтеруге ғана шамасы жеткен. Ал, оның отандасы Крик Каровскидің көтерген зілтемірінің салмағы 455 келіден асқан емес. Балуан Шолақ бабамыздың көтерген 816 келілік кір тасын әлемде ешкім көтере алған жоқ. Ендеше, Нұрмағанбет Баймырзаұлының көтерген 51 пұты әлемдік рекорд деп айтуға болады. Бұл рекордтың орын алғанына да 125 жыл өтіпті. Ғасырдан аса уақыт өткенмен, бүгінге дейін қазақ палуанының күші жеткен салмақты еңсеретін жан баласы төрткүл дүниеден шыққан жоқ. Балуан Шолақ тек өнерпаз, туа біткен күш иесі ғана емес, сонымен бірге қазақ халқының әлеуметтік өміріне араласып, бай – феодалдарға, сондай – ақ патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы шыққан тұлға. Балуан Шолақтың туып – өскен, ат жалын тартып мінген, дүние салған жері Ақмола обылысының Макин ауданы. Бурабайға шығатын теміржол бойында Ақкөл, Елтай, Макинка атты станциялар бар. Шолақтың атамекені – Елтай станциясы, зираты да осы арада. «Орны» деуіміздің мәнісі – кезінде ақ тастан орнатқан Шолақтың бейітін ол тірі күнінде өзімен көп жауласқан отаршыл бай құлақтар қиратып кеткен. Олар тіпті оның мәйіт - сүйегін де жоқ қылып жібермек болған. Сондықтан да, Балуан Шолақтың ағайындары кезінде Шолақтың зираты деп Қайрақты өзені маңынан жалған бейіт те салған. Осы Тастыөзекке жаяу алты-жеті шақырым жерде Қызыл кордон селосы бар (кордон – күзет, бекініс, шекара мағынасында). Мұнда революциядан бұрын отаршыл үкіметтің қарулы отряды тұрды, кейін орман қорғаушылардың орталығы болды. Шолақтың шаңырағының орны – осы Қызыл коронда. Балуан Шолақтың ауылын бұл аймақтағы керей елі «Үйсін ауылы» деп атаған. Бурабай мен Ақкөл арасында ертеден Үйсін, Жағалбайлы Жалайыр, Алшын, Естек деп аталып кеткен жеке – жеке ауылдары болған. Шамамен бұдан 200-250 жылдай бұрын Шолақтың арғы атасы Есентай – Шу өзені бойынан, қалың Дулат елінен келген кісі. Есентайдан Қазанғап, одан Жарықшақ, одан Баймырза туады. Баймырзадан Шолақ туады. Сөйтіп, екі ғасырдан аса уақыт ішінде үрім - бұтақты, жан-жақты үлкен ауыл өседі. Шолақтың нағашысы тарихтан белгілі Абылайдың атақты Қанай биінің өте тапқыр да шешен баласы Бекболаттан тарайды. Бұл ауылдан өз кезінде Тулақ дейтін батыр шыққан. Балуан Шолақ онша ұзақ жасамаса да, он сегіз баланың әкесі болған. Үлкені Исажарды кезінде Шолақпен өштескен, палуанның айтуынша, «Мұжық қол батқан екен тақымына» дейтін бұрынғы жаулары 30 - жылдардың бас кезінде орман ішінде атып кеткен. Ән-күйге жасынан құмар палуан есейе келе осы екі өнерді қатар дамытады. Салдық құрып, ел аралап, маңына әнші – күйші, палуан, өнерлі жастарды жинап, «ансамбль» секілді сауық құру оның дәстүріне айналады. Өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы, әрі насихатшысы. Олардың әнші – композиторлық дәстүрін берік ұстап, кейі өзі де ән шығарды. Балуан Шолақтың қазақтың әншілік өнерін өрістетуге қосқан үлесі орасан зор. Белгілі музыка зерттеушісі А.В.Затаевич ел арасынан Балуан Шолақтың бірнеше әнін жазып алып, оны «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинақтарына енгізген. Балуан Шолақтың кіші баласы Құдайберген Шолақов 1975 жылы Қызыл коронда 73 жасында қайтыс болды. Балуан Шолақ дүние салғанда сол кезде әкесін өз қолынан соңғы сапарға аттандырған он жетідегі Құдайберген ақсақалдың айтуынша, Шолақтың мінезі мақтадай жұмсақ, үлкенмен үлкен, кішімен кішідей сыйласатын кісі болған екен. Ғалияға ғашық болып, «Сексен қыз серуенге шықсадағы, ілмеймін Ғалияның кірпігіне» деп Қараөткел, Атбасар жәрмеңкелерінде әндетіп, шалқып жүрсе де, он сегіз баланың анасы, кешегі Отан соғысы кезінде қайтыс болған Қаныкей анамызды Шолақ отбасында қатты сыйлаған екен. Балуан Шолақ қасына ағайындарын бес кісі ертіп, 1914 жылы жыз шыға Ұлы жүзге саяхатқа аттанады. Арғы атасының сол жақтан келген шежіре-соқпағын қуалап, ол Шу өзені бойына, Алатауға сапар шегеді. Бұл жылы Құдайберген 12 жаста болады, Шолақтың атқасшыларының бірі – ағайыны, ел ішінде қадірлі Тәуекел, енді бірі - Әубәкір молда, тағы бірі – Қасым, енді бірі – Сыздық дейтін кісі. Шолақ Шу өзені бойын, бұл өңірдегі Үйсін, Дулат елін аралайды. Ән салады, ат ойынын көрсетеді. Ел ақсақалдары мықты жігіттерге көкпар тарту үшін бір тайыншаны бауыздап тастайды. Оны ат үстінен бір қолымен көтеріп әкете алмайды. Шөкең сонда астындағы қара атын бауырлап тастап, жердегі тайыншаны лақтай көтеріп әкеткен екен. Балуан Шолақ 1919 жылы ақпан айының аяқ шеніне таман жауыздықпен айтқан оқтың үш жылға тарта созылған зардабынан дәл 55 жаста дүниеден өткен. Ерғали МҰХИДДИНОВ, Қазақстан Спорт және Туризм академиясының ұлттық спорт түрлері кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты ...1941 жылы және 1945 жылы Қажымұқанмен бірнеше күн бірге болып әңгімелесіп, Шолақпен екеуінің қарым-қатынасын сұрағанда, ол мынаны айтты: «Шолақпен талай кездестім, ол менен күшті еді. Ақмола мен Көкшетаудың жәрмеңкелерінде екі дуанның басты адамдары екеуімізді екі жақтан айдап салып, үлкен бәйге тігіп, күрестірмекші бошлған жерде мен: «Шолақ өзіме жақсы ықыласты батасын берген ұстаз ағам, мен оған қарсы қол көтермей, бәйгені ағама ұсынамын», деп күрестен бас тартқанымда, Шолақ құшақтап бетімнен сүйген еді» (Есмағамбет Ысмаилов. «Спорт» газеті).

Танымал жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар

Қазақстан құрамасы футболдан Әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімінде J тобына жайғасты
Абылайхан Жүсіпов Азия чемпионы атанды
«Астана» «Челсиге» есе жіберді
Қазақстандық ауыр атлет Әлем чемпионы атанды
Ел мерейін асқақтатқан спортшылар
Қазақстандық қыздар Азия чемпионатында бес алтын еншіледі
Қазақстан құрамасынан 14 спортшы Азия чемпионатының финалына шықты
Шавкат Рахмонов мансабындағы 19-жеңісіне қол жеткізді
Шавкат Рахмонов пен Иэн Гэрри көз түйістірді
Бокстан Азия чемпионаты «Qazsport» телеарнасына қатысы жоқ себептерге байланысты көрсетілмейтін болды
КФФ президенттігіне үміткерлердің есімдері белгілі болды
Бокс: Алуа Балқыбекова сырқатына байланысты жарысқа қатыса алмайды
Бейбарыс Жексен өзбекстандық боксшыдан басым түсті
Бокс: Оразбек Асылқұлов қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді
Азия чемпионаты: Дулат Бекбауов ширек финалда
Шаңғы жарысы: Финляндиядағы Әлем Кубогына қатысатын ел құрамасы жасақталды
Руслан Құрбанов семсерлесуден Әлем кубогында қола медаль жеңіп алды
Қазақстандық шахматшылар Әлем чемпионатында топ жарды
Түркістанда қазақ күресінен Әлем кубогы аяқталды
Қазақстандық балуандар Оңтүстік Кореяда өткен турнирде алты жүлдеге ие болды