Қызылордада тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионаты басталады
Жарысқа Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарынан 15 команда қатысады.
Қызылордада 5-10 қараша аралығында тоғызқұмалақтан жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді, деп хабарлады облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен.
Жарысқа Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарынан 15 команда қатысады. Жарыс ережесіне сәйкес ойын швейцар жүйесі бойынша 9 турдан, тоғызқұмалақтың классика және блиц түрінен өткізіледі. Әр ойыншыға классикалық ойында - 1,5 сағаттан, ал блицке - 7 минуттан уақыт беріледі.
Аталмыш чемпионатқа тоғызқұмалақтан Азия чемпиондары Нұрбек Құрманов, Гүлнәр Базарәлиева, ҚР спорт шебері Гүлнұр Оспанова, Әсет Қайыржанов, Бексұлтан Бостандықов, Жамал Ермекбай және Азия чемпионатының жүлдегерлері Қызжібек Әбділда мен Бауыржан Абылайхан сынға түседі.
Чемпионаттың басталуы 5 қараша күні сағат 9.00-де, салтанатты ашылуы 15.00-де «Мұз айдыны» спорт кешенінде болады.