«Алтын тұғыр» байқауына қатысты баспасөз мәслихаты өтті (ФОТО)
Шара барысында Мырзатай Жолдасбеков Әлкей Марғұланның «Саят» және Бекен Қайратұлының «Қазақтың атбегілік өнері» атты кітабының тұсауын кесті.
Бүгін Астанада ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырған «Алтын тұғыр» ұлттық спорт үздіктерін марапаттау рәсімінің ұйымдастырылуына орай баспасөз мәслихаты өтті.
ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы биыл көкпар, аударыспақ сынды спорт түрлерінен I Ашық Азия чемпионатын, Бүркітшілердің халықаралық фестивалін, «Алтын тұлпар» аламан бәйгесін, асық атудан республикалық турнир және тоғызқұмалақтан ел біріншіліктерін өткізді.
Ал, «Алтын тұғыр» - ұлттық ойындардың жастар арасында кең таралып, халықтың сүйікті ойынына айналуы үшін көп еңбек сіңіріп жүрген азаматтарды арнайы марапаттайтын жақсы дәстүр.
Баспасөз мәслихаты барысында Мырзатай Жолдасбеков Әлкей Марғұланның «Саят» және Бекен Қайратұлының «Қазақтың атбегілік өнері» атты кітабының тұсауын кесті.
Еске сала кетейік, «Алтын тұғыр» ұлттық спорт үздіктерін марапаттау рәсімі бүгін кешкі сағат 17.00-де Конгресс-Холл сарайында өтеді.
Кешке Бекболат Тілеухан, Ерлан Рысқали, Тұрсынбек Қабатов, Нұрлан Албан, Ардақ Балажанова, «Аламан» тобы, «Белес» тобы, Ибрахим Ескендір сынды жұлдыздар өнер көрсетіп, Айбек пен Сара айтысады. Сондай-ақ, 35 жасқа дейінгі ақындар арасында жарияланған «Дарабоз дәстүр» жыр мүшайрасының жеңімпазы өлең оқиды.