Қытайда бүркіт салудан чемпионат өтті
Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономиялық өлкесі Іле-Қазақ автономиялық облысының Шіңгіл ауданында бүркіт салудан чемпионат өтті.
Қазақтың бекзада өнерін жандандыру үшін өткен шараға 67 құсбегі қатысты.
Бұл - Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық облысында өтіп жатқан ІІІ бүркітшілер чемпионаты. Сайыста қыран құсты қолға шақыру, иесі мен бүркіттің арасындағы байланыс бағаланды. Содан кейін қанаттыны қоянға салып, ұшқырлығын, айла-тәсілін тексерді.
Жалпы, Шыңжандағы қазақтар бүркіт салудан жазғы және қысқы чемпионатты тұрақты түрде өткізіп тұрады. Бабадан қалған бұл өнердің тұғырын бекемдеп жүрген қандастарымыздың басты көздегені - жастар арасында бүркітшілікті насихаттау.
«Бұл жойылып бара жатқан дәстүр. Біздің ұрпақтарымыз атқа да мінбейді. Бүркіттен қорқады, білмейді. Сондықтан ұлтымыздың осы дәстүрін үйретуді өзімізге мақсат тұттық»,- дейді қазылар алқасының мүшесі Табысбек Смағұлұлы.
Чемпионаттың бас жүлдесі мен арнайы сыйлығын Нұрғазым Қаламанұлы мен Серік Бақытбекұлы жеңіп алып, 150 мың теңге еншіледі. Осылайша Қытайдағы құсбегілер Қарақия қыстауын саңқылдаған қыран дауысымен екі күн тербетіп қайтты, деп жазады ҚазАқпарат.