Тоғызқұмалақтан Қазақстан Кубогын Ақтөбе құрамасы иеленді
Кубок бәсекесіне еліміздің 10 облысының және Астана, Алматы қалалары командалары қатысқан.
Сайыс әр тақта бойынша ерлер мен әйелдер арасында жекелей және командалық есеп біріншілігі түрінде өтті.
«Алғашқы турдан бастап-ақ біздің ойыншылар көш бастап, басқалардан оқ бойы озып кетті. Бірақ 6-7 турдан кейін құрамында өте тәжірибелі спортшылары бар Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының тоғызқұмалақшылары командалық есептегі ұпайды теңестіруге жақындап қалды. Жарыс аяқталғанда ақтөбеліктер мен қызылордалықтардың жалпы ұпайлары тең түсті. Бірақ біздің ойыншылардың коэффициенті жоғары болып, жеңімпаз атандық, - дейді тоғызқұмалақтан Ақтөбе облысы команданың аға бапкері Қабидолла Нұршин.
Аға жаттықтырушының айтуынша, бірінші тақтада ойнаған халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрбек Қабиев барлық ойынды тек жеңіспен аяқтаған.
Үшінші тақтада өнер көрсеткен спорт шебері Аманбек Өндірбаев екі ұпай жоғалтқанымен, коэффициенттік көрсеткіші жоғары болғандықтан бірінші орынды иеленді.
Қыздар арасында бірінші тақтада ойнаған Диана Кенина үшінші орын алды.
Соңғы екі жылда үшінші және екінші орын иеленген ақтөбеліктер биыл тағы бір сатыға көтеріліп, жеңімпаз атанды.
Кубок иелерінің есімдері: Нұрбек Қабиев, Медет Хұсайынов, Аманбек Өндірбаев, Диана Кенина, Алмагүл Такишева, Гүлжанат Алдабергенова және ауысымда ойнаған Арсен Есетов, Мөлдір Сейітқазы.
Фото: aktobegazeti.kz