Алматыда тоғызқұмалақтан ІІІ Әлем чемпионаты өтеді
2015 жылдың 13-17 сәуірі аралығында Алматы қаласында тоғызқұмалақтан ІІІ Әлем чемпионаты өтеді. Әлемдік деңгейдегі ірі спорттық шараны Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі бірлесіп ұйымдастыруда.
Әлем чемпионатында төрт құрлықтың 23 елінен келген спортшылар қатысады. Атап айтсақ, АҚШ, Антигуа мен Барбуда, Ауғанстан, Әзірбайжан, Гана, Германия, Грузия, Италия, Колумбия, Молдова, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Түркменстан, Үндістан, Ұлыбритания, Чехия, Швейцария сияқты мемлекеттерден барлығы 50-ден астам спортшы қатыспақ. Чемпионат ерлер және әйелдер арасында жеке-жеке классика, рапид, блиц бойынша өткізіледі.
Тоғызқұмалақ Лондон (2006), Пардубице (2007), Каннда (2009) өткен дүниежүзілік зияткерлік фестивальдары мен олимпиадалардың бағдарламасына енгізілген. 2008 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ Федерациясы құрылды.
Осының арқасында бүгінгі күні қазақтың ұлттық ойыны бойынша халықаралық жарыстар Германия, Ұлыбритания, Ресей, Швейцария, Чехия, Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Антигуа мен Барбуда және т.б. елдерде тұрақты түрде өткізіледі.
2009 жылдың 15 қыркүйегінен бастап, тоғызқұмалақ әлемдік ғаламторда www.iggamecenter.com – сайтында зияткерлік ойын ретінде тіркеліп, оның онлайн жүйеде ойнайтын бағдарламасы жасалынған. Қазіргі кезде осы сайттағы жүзден астам зияткерлік ойындардың ішінде тоғызқұмалақ рейтингі бойынша 1-ші орында тұр.
Тоғызқұмалақтан тұңғыш Әлем чемпионаты 2010 жылы Астана қаласында өткізілсе, ІІ Әлем чемпионаты 2012 жылы Чехияның Пардубице қаласында өткен.