3 маусымда «Қазақстан барысы» турниріне қатысушылардың салмақ өлшеу рәсімі өтеді
3 маусым күні «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер мәдениетінің фестивалі аясында ҚР Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесіне арналған қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» V республикалық турниріне қатысушылардың салмақ өлшеу рәсімі өтеді. Аталған турнир «Нұр Отан» партиясының қолдауымен ұйымдастырылуда.
Жанкүйерлер асыға күткен қазақ күресінің додасында еліміздің 14 облысы мен Алматы және Астана қалаларынан іріктелген 33 палуан жеңімпазға берілетін алтын белдік пен алтын «Тайтұяқ» үшін сынға түсетін болады.
Көшпенділер мәдениетіне арналған фестиваль Астана қаласында 3-6 маусым күндері аралығында жалғасады. Осыған орай үшінші маусым күні сағат 17:00-де «Ханшатыр» ойын-сауда орталығының алаңқайында аталған шара салтанатты түрде бастау алмақ. Оған «Қазақстан Барысы» турнирінің финалдық кезеңіне жолдама алған палуандар қатысады деп күтілуде.
Палуандардың салмақ өлшеу рәсіміне құрметті қонақ ретінде ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы атындағы қордың атқарушы директоры Сағындық Нұраханов, «Самұрық-Қазына ҰӘҚ» АҚ-ның қоғаммен байланыс жөніндегі бас директоры Дархан Қалетаев, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев қатысады.
«Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің финалдық кезеңіне тіркелген барша БАҚ өкілдері палуандардың салмақ өлшеуінен соң өздеріне тиісті рұқсатнама қағазын алуына болады (журналистер өздерімен бірге қызметтік немее жеке куәлігін ала келуі тиіс).
Ал, финалдық сайыс Астана қаласындағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде 4 маусым күні сағат 12:00-де басталады. Айте кетейік, «KAZsport» телеарнасы жарысты тікелей эфирде көрсетеді.